Жаңалықтар

Абай музейінде Наурыз тойы аталып өтті

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының ұйымдастыруымен 22 наурыз Ұлыстың ұлы әз-Наурыз мерекесіне орай «Наурызнама – береке бастауы» тақырыбында этномәдени-мерекелік шара өтті.

Шара аясында қазақ халқының ұлттық ойындары тоғызқұмалақ, арқан тартыс, қол күрес, гір тасын көтеру, асық ату сияқты ойын түрлерінен сайыстар, «Сәруар» ұлттық бағыттағы үйірмелер орталығы мен ақ жаулықты әжелеріміздің Абайға ертегі айтқан Зере әженің ертегісіндей етіп немерелеріне айтатын тағылымына арналған танымдық шара ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Абай музейінің алаңында қала тұрғындары мен музей меймандары үшін «Музей дәмнен» ауыз тию және шараға қатысушыларға тегін наурыз көже ұсынылды. Сан ғасырлық салтымыздың нышаны салт-дәстүрлерімізден көріністер мен өнерпаздардың Абай, Шәкәрім және ұлттық дәстүрлі әндерге арналған концертік бағдарлама көрермен көңілінен шықты.

«Наурызнама – береке бастауы» этномәдени-мерекелік шарасына зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен студенттер, қала тұрғындары мен тағы басқа қонақтар қатысып қазақ халқының ұлттық спорт түрлерін тамашалады.

Байқау нәтижесіне орай тоғызқұмалақтан 1 орынды Смағұлова Айгерім, 2 орынды Серікова Айзере, 3 орынды Махмұтқызы Аяжан иеленді. «Гір тасын көтеру» бәсекесінде 1 орын Иманбаев Айдарға, 2 орын Уласилов Мұхитқа, 3 орын Серікбаев Айдосқа бұйырды.

«Қол күресте» сынға түскен Жұмаханов Нұрлан 1 орынды, Секен Дамир 2 орынды, Ертіс Абылай 3 орынды қанжығасына байлады. «Арқан тартыста» бақ сынаған сегіз команда арасында «Сарбаз» командасы 1 орынды және «Музей мықтылары» командасы 2 орынды өзара бөлісіп тарқасты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды.

Қала тұрғындары мен музей қонақтарының ерекше назарын аударған «Қой көтеру» сайысында Көшкінбаев Мейір жеңімпаз атанса, осы сайыста көзге түскен тағы басқа қатысушылар Абай музейі тағайындаған сыйлықтармен марапатталды.

Жаңалықпен бөлісіңіз