«АБАЙ МҰРАСЫ – АДАМЗАТ ҚАЗЫНАСЫ»: ӘДЕБИ КВЕСТ
10 тамыз – Абай күні мерекесіне орай Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Абай мұрасы – адамзат қазынасы» атты әдеби квест ұйымдастырылды.
Дәстүрлі түрде төртінші жыл қатарынан өткізіліп отырған танымдық шара Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп жүзеге асырылды. Квесттің басты мақсаты – ұлы ақын Абай Құнанбайұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Көкбай Жанатайұлының шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, қатысушылардың ақын өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін жетілдіру, ұлттық әдебиет пен мәдениетке деген қызығушылығын арттыру.
Іс-шара барысында қатысушылар жеребе арқылы төрт командаға бөлініп, өзара білім мен тапқырлықты, шапшаңдық пен шығармашылық қабілетті сынға салды. Әдеби квесттің ойын шарты бойынша командалар арнайы ойын алаңындағы бағыт-бағдармен жүріп, кубик арқылы түскен ұпайларына сәйкес алға жылжыды. Әр кезеңде қатысушыларды Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтар, ақын әндерін орындау, шығармашылық тапсырмалар мен ұлттық құндылықтарды бейнелейтін инсталляция жасау секілді қызықты сынақтар күтіп тұрды.
Квест барысында қатысушылар Абайдың, Шәкәрімнің, Көкбайдың мол әдеби мұрасын қаншалықты меңгергендерін көрсетіп қана қоймай, топпен жұмыс істеу, бірлесіп шешім қабылдау және шығармашылық ізденіс қабілеттерін де танытты.
Тартысты өткен әдеби сайыстың қорытындысы бойынша мәреге бірінші болып жеткен команда жеңімпаз атанды.
«Абай мұрасы – адамзат қазынасы» әдеби квесті – ұлы ақынның рухани мұрасын дәріптеуге, Абай тағылымын заманауи танымдық ойын үлгісінде насихаттауға бағытталған мазмұнды шаралардың бірі. Абай мұрасы – ұлттың рухани темірқазығы ғана емес, күллі адамзатқа ортақ асыл қазына.








