Абай Құнанбайұлының ұрпақтары мен туыстарының мерейтойына арналған «Сүйер ұлың болса…» атты көрме
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында Абай Құнанбайұлының ұрпақтары мен туыстарының мерейтойына арналған «Сүйер ұлың болса…» атты көрме ашылды.
Салтанатты шарада Абай ұрпақтарының өмірі мен шығармашылығы жайлы айтылып, ақын туыстарының ұрпақтары сөз сөйледі. Көрмеге Абай облысының орталығы – Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері мен студенттер қатысты. Ашылу салтанатынан кейін қонақтарға көрме арнайы таныстырылды.
Көрмеде Абайдың ұлы Мағауияға жазған хаты, Мағауияның «Медғат-Қасым» поэмасының қолжазбасы, архивтік деректер, естеліктер, сол замандағы құнды жәдігерлер, Абай ұрпақтарының сыйлары орын алды.





