Жаңалықтар

«МЕН БІР ҒАСЫР КУӘСІ» ӘДЕБИ КЕШ ЖӘНЕ КӨРМЕНІҢ АШЫЛУЫ

Бүгін ақын, сазгер, күйші Шәкір Әбенұлының 125 жылдығына арналған «Мен бір ғасыр куәсі» атты әдеби кеш және көрменің ашылу салтанаты өтті.

Әдеби кешті Абай музейінің директоры Ұ.Сағадиев алғы сөзімен ашып, ақынның ұрпағы Сана Шәкірқызына құрмет көрсетті. Шәкәрім университетінің ф.ғ.д, профессор А.Қадыров «Ш.Әбенұлының ақындығы» баяндама жасады. Халықаралық Абай қорының президенті О.Кәрібжанов, Абай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Әлин, С.Шәкірқызы ақын жайлы естеліктерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды. Шәкір әндерін зерттеуші, Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Қ.Қабышев, шәкірті Н.Кәрімхан әндерін орындаса, музыкалық училищенің студенттері күйден шашу шашты.

Әдеби кеш Ш.Әбенұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмемен жалғасын тапты. Көрмеде музей қорындағы ақынның домбырасы, белдігі, таяғы, сөмкесі, шапаны, тақиясы, сырт киімі т.б. жеке заттары, әр жылдарда жарық көрген өлеңдері мен әндері, дастандары мен әңгімелерінің басылымдары, ғылыми-танымдық бағыттағы кітаптар мен фотосуреттері көрермен назарына ұсынылып қойылды.

Жаңалықпен бөлісіңіз