Жаңалықтар

«Алашқа даңқы шыққан Ер Құнанбай» көрмесі

Құнанбай Өскенбайұлына 220 жыл

 Құнанбай Өскенбайұлы 1804 жылы бұрынғы Семей облысы Шыңғыстаудың бауыр жағына құлай ағатын «Хан өзені» деген өзеннің жағасында ақпанның қақаған аязды күнінде туыпты. Әкесі Өскенбай Тобықты руының биі болған, әділдігімен танылған адам.

Ұлы ақын Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы – Қазақстан тарихындағы із қалдырған тарихи тұлға, би, қоғам қайраткері болған адам. Қазақ шежіресінде Құнанбай бидің арғы ата-бабалары былайша таратылады:

Арғын – Қотан – Дайырқожа – Қарақожа – Кенжесопы – Тобықты – Рыспетек – Мұсабай – Сүйірбас – Сары – Кішік – Өйтек – Олжай – Айдос – Ырғызбай – Өскенбай –Құнанбай.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының дәстүрі бойынша әрбір мерейтойлық даталарға орай ұйымдастырылатын шаралардың бірі Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығына арналған «АЛАШҚА ДАҢҚЫ ШЫҚҚАН ЕР ҚҰНАНБАЙ» көрмесіне  Меккеден киіп келген тақиясы мен мөрі қойылған. Сонымен қатар, Құнанбай Өскенбайұлының аға сұлтандық қызметін дәлелдейтін Мәскеудің тарихи-әскери архивінен алынған құжат «Формулярный список Хорунжего Кунанбая Ускенбаева». Бұл құжат 1859 жылы толтырылған. Бұдан бөлек Омбының және Семей архивтерінен табылған құжаттар да көрмеден орын алады.

Биылғы жылғы көрменің ерекшелігі 2022 жылы Ақшоқыдағы  Құнанбай қорымының қабырғасынан табылған 1888-89 жылдары Қазан қаласындағы баспадан жарық көрген, Құран кітап көпшілік назарына ұсынылды.

555 беттен тұратын Құранды 1977 жылы ғалым-дәрігер Ерментай Ысламұлы, Семейдегі досына келген сапарында тапқан. Ұзақ жылдар сақталған жәдігерді аманат етіп Абай елінің тумасы, техника ғылымдарының докторы, халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігі Академиясының академигі Бақдәулет Құмарға тапсырған екен. Б.Кәкімұлы білікті мамандармен бірлесе отырып зерттеу жұмыстарын жүргізіп киелі кітапты өз еліне қайтарды.

Сондай-ақ, қазіргі күні ұлы тұлғаның өмір жолына арналған спектакльдер мен фильмдерді тамашалауға мүмкіндік бар. Көрмеге Құнанбай Өскенбайұлының өміріне арналған Д.Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі және Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының Таласбек Әсемқұлов жазған «Құнанбай» атты  драмасы, Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының Есенғали Раушановтың «Құнанбай мен Абай» пьессасының барысы бойынша фотосуреттер қойылды.

Сонымен қатар, Құнанбай тақырыбында бірқатар ғалымдар зерттеу жүргізіп, кітап болып басылып шығып жатқан еңбектер бүгінгі күні жас зерттеушілерге жол көрсетіп жүрген басылымдар да келушілер назарына ұсынылды.

 

Жаңалықпен бөлісіңіз