Жаңалықтар

«Абайтанудың абызы»

Абайдың «Жидебай — Бөрілі» мемлекеттік тарихи — мәдени және әдеби — мемориалдық музей — қорығында абайтанушы, ұлағатты ұстаз, музей ардагері, шежіреші Бекен Исабайұлының 95 жылдығына арналған «Абайтанудың абызы» атты еске алу кеші және көрмесінің ашылуы өтті.

Әдеби кешті Абай музей — қорығының директоры Ұ.Сағадиев алғы сөзімен ашып, «Алаш арыстары — М.Әуезов» музейінің бөлім меңгерушісі Қ.Қиықбай жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндама жасады. Абай ауданының Қоғамдық кеңестің төрағасы Т.Аманғазин, профессор, тарих ғылымдарының кандидаты М.Кәрімов, «Ән ата» қоғамдық қорының директоры суретші Қ. Ибраев, «Анық Абай» фильмінің авторы, белгілі журналист Қ.Аманжол, Дарын сыйлығының иегері, Мәдениет саласының үздігі, М.Әуезов атындағы әдебиет институтының ғылыми қызметкері, сыншы Б.Тұрсынбайұлы, Бөрілідегі М.Әуезов музей — үйінің меңгерушісі, асылдың ұрпағы Ш.Исабаев естеліктерімен бөлісті.

М.Төлебаев атындағы музыкалық училищенің студенттері дайындаған Б.Исабайұлы шығармаларынан құрылған әдеби композиция көрермендер көңілінен шықты. Қалалық мәдениет сарайының әншісі, халықаралық, республикалық ән байқауларының жүлдегері А.Бауыржанұлы Абайдың әні «Көк тұман — алдыңдағы келер заман», Абай ауданы, Қасқабұлақ ауылының Мәдениет үйінің әншісі Е.Жұмабаев Б.Исабайұлының сөзіне жазылған Е.Қадылбектің әні «Шыңғыстауға наз», Ж.Елебеков атындағы байқаудың жүлдегері Қ. Жеңісханұлы Абайдың «Сегіз аяқ», «Ақылбайдың әні» әндерін орындап, өнерлерін ортаға салды.

Кеш соңында Б.Исабайұлының әулеті журналист Қ.Аманжолға домбыра музыка аспабын сыйға тарту етті.

Еске алу кешінің соңында музей ардагеріне арналған көрме экспозициясы таныстырылды. Көрмеде Б.Исабайұлының өмір жолын, шығармашылығы туралы баяндайтын түпнұсқа қолжазбалары, естеліктері, ақынның ұлы Шағжан Бекенұлы музейге тапсырған домбырасы, шапаны, тақиясы, жеке заттары, әр жылдарда жарық көрген еңбектері мен фотосуреттері көрермен назарына ұсынылды.

Көрмеге Абай облысы, Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері, студенттер қатысты.

Көрмені Семей қаласының тұрғындары мен музей қонақтары бір ай бойы тамашалай алады.

Жаңалықпен бөлісіңіз