Жаңалықтар

«Абайдың ұшып түскен ұшқынымын»

1 наурыз күні Кәмен Оразалиннің музей-үйінде – халық ақыны, батагөй-абыз Шәкір Әбенұлының туған күніне арналған «Абайдың ұшып түскен ұшқынымын» атты әдеби-танымдық шара өтті. Аталған шараға  құрметті қонақ, ақынның ұрпағы, асылдың тұяғы, ардагер ұстаз Сана Шәкірқызы шақырылды.

Сонымен қатар шараға ҚР «Мәдениет қайраткері», «Абай ауданының құрметі азаматы» С.Нұрпейісов, Ш.Әбенов музей-үйінің меңгерушісі Ж.Алимбекова және музей қызметкері Л.Тілегенова, Қарауыл гимназиясының 6 сынып оқушылары, жетекшісі М.Құсманова  қатысты.

Шараны кіріспе сөзбен ашқан музей меңгерушісі Е.Оразалы, ғасырға жуық ғұмыр кешіп, алмағайып заманның үш кезеңін басынан өткерген қарт ақын,  асыл-шежіре – Шәкір Әбенұлының әдеби мұраларын насихаттау, келер ұрпаққа жеткізу бүгінгі ұрпақ еншісінде екенін жеткізді.

Сөз тізгінін алған Сана Шәкірқызы аталған шара – ақынның туған күнінде, 1 наурыз – «Алғыс айту» күнімен, Рамазан айының басталуымен тұспа-тұс өткізіліп отырғанын жақсылыққа балады. Әке өмірі мен шығармашылығына тоқталған баба ұрпағы – Сана Шәкірқызы әке шығармасынан  «Дәмежан» әнін көпшілікк ән шашу ретінде орындап берді.

Шара қонақтары да Шәкір Әбенұлы жайлы әсерлі әңгіме өрбітіп, көпшілікпен бөлісті.

Скрипка аспабында А.Жұбановтың романсын орындаған жазушының немересі Ә.Оразалина шараның ажарын ашты.

Шәкір аталарының өлеңдерін жатқа айтатын оқушылар да бірінен соң бірі өз өнерлерін ортаға салды. Әдеби-танымдық шараны қорытындылаған Е.Оразалы музей атынан «Алғыс хат» табыстап, сый-құрмет көрсетті, естелік суретке түсті.

Жаңалықпен бөлісіңіз