Жаңалықтар

«АБАЙ МУЗЕЙІ – АҚЫН МҰРАСЫНЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ» АТТЫ КӨРМЕ

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында музейдің 85 жылдық мерейтойына орай «Абай музейі – ақын мұрасының қарашаңырағы» атты мерейтойлық көрме ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты – ұлт руханиятының ұйытқысына айналған қасиетті қарашаңырақтың қалыптасу және даму тарихын, музейдің көп жылдық еңбегін, мәдени мұраның сақталуы мен насихатталуына қосқан үлесін көрсету.

Көрмеде музейдің 1940 жылдан бүгінгі күнге дейінгі тарихы кезең-кезеңімен қамтылған.

Экспозиция он екі витринадан тұрады: мұнда Абай музейінің алғашқы ғимараттары, музей бөлімдері, республикалық және жергілікті ескерткіштер, сондай-ақ Абайдың Құнанбайұлының әр жылдардағы мерейтойлары мен музей мерейтойлары туралы архивтік фотосуреттер мен жәдігерлер қойылған.

Көрме арқылы келушілер музейдің құрылу тарихымен, әр жылдардағы жетістіктерімен, Абай мұрасын ұлықтауда атқарылған игі істермен танысты. 85 жылдық тарих – бұл ұлттың рухани биігін танытқан, бірнеше буын музей қызметкерлерінің адал еңбегі мен жауапкершілігінің айғағы.

Көрмеге Абай облысы Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, мәдениет ошақтарының қызметкерлері және музей ардагерлері қатысты

Жаңалықпен бөлісіңіз