Қазақ музыкасын зерттеуші, композитор А.Жұбановтың туғанына 120 жыл
Жұбанов Ахмет Қуанұлы – композитор, дирижер, музыка зерттеушісі. Ахмет Жұбанов Абайдың музыкалық мұрасын 1933 жылдан бастап зерттей бастады. Абай әндерін жинауға, олардың сахнада орындалуына ерекше ат салысты.
1938 жылы Абайдың немересі Мәкен Турағұлқызынан ақынның «Айттым сәлем, қаламқас», «Ата-анаға көз қуаныш», «Бойы бұлғаң», «Біреуден біреу артылса», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қор болды жаным» әндерін жазып алды.
1941 жылы А.Жұбановтың қазақ музыка мәдениеті тарихында Абайға арналған тұңғыш музыкалық «Абай» шығармасы дүниеге келді. Аспапты оркестірге арналған 5 бөлімді бұл лирикалық шығармасында Абайдың «Қор болды жаным», «Бойы бұлғаң», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әндерін шебер пайдаланып, оларды халық әндерімен ұнамды көркемдеп, әрі жаңашыл әуендермен ұтымды қиюластырып ақын өмірінің қилы-қилы кезеңдерінен сыр шертетін жүрекке жылы туынды шығарған.
1944 жылы композитор Абай тақырыбына қайта оралып, кең тыңысты «Абай» операсын Л.Хамидимен бірге жазып шығады. Либреттосы-М.Әуезовтікі. Операның алғашқы қойылымы Қазақтың опера және балет театрында Абайдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қойылды. Композитор А.Жұбанов пен Л.Хамидиге «Абай» операсы үшін Қазақ ССР-інің мемлекеттік сыйлығы берілді.
Музыка зерттеушісі «Замана бұлбұлдары», «Ән-күй сапары» еңбектерінде Абайдың музыкалық мұрасына ерекше тоқталып, ақынға жоғары баға берген.




