Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесіне арналған кітап көрмесі
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Ұлыстың ұлы күні. Күн мен түннің теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін табиғат мерекесі.
Көрменің мақсаты – өскелең ұрпақтың халықтың өткен тарихына, дәстүрі мен салт санасына деген қызығушылығын арттыру.
Кітап көрмесінде Наурыз мейрамының тойлану тарихы туралы белгілі ақын-жазушылардың, тарихшы-этнографтардың, шежірешілердің еңбектері орын алды. Қазақ халқының мәдени мұрасына арналған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Наурызнама», С.Кенжахметұлының «Қазақтың салт- дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары», С.Қасимановтың «Қазақтың ұлттық тағамдары» атты еңбектерімен танысуға болады. Бұл еңбектерде Наурыз мейрамының шығу тарихы мен мәні, қазақтың салт-дәстүрі жан-жақты сипатталады. Сонымен қатар көрмеге қазақтың беташар, тұсау кесер, шілдехана, қыз ұзату және өзге де дәстүрі жайында мағлұмат беретін кітаптар да қойылған. Бұл еңбектер қазақ халқының мәдениетін, дүниетанымын түсінуге, танып-білуге мүмкіндік береді. А.Құнанбайұлы, М.Мақатаевтың, Ф. Оңғарсынованың Наурызға арналған өлең жолдары көрменің мазмұнын аша түседі.




