«Қайырымдылық – адамгершілік белгісі»
15 наурыз – «Қайырымдылық күніне» сәйкес Кәмен Оразалиннің музей-үйі «Қайырымдылық – адамгершілік белгісі» атты рухани-танымдық шара өткізді. Аталған шараға Қарауыл ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ш.Несіпбаев бастаған ел ағалары, аяулы аналар және «Абай ұлағаты» ардагерлер қоғамдық ұйымының өкілдері қатысты.
Музей меңгерушісі Е.Оразалы «Жыл басы – Наурыз» мейрамына орай он күндік «Наурызнама» атаулы күндер шарасының бірі – «Қайырымдылық күні» негізінде ұйымдастырылып отырғанын, оның мақсаты: Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі болғандықтан – Наурыз мейрамының қадірін арттыру, айналадағы адамдарға деген ықылас пен көмекті, адамгершілік қарым – қатынасты білдіру екеніне тоқталды. Сондай-ақ, «Қайырымдылық күні» музейге келушілер тегін кіретіндіктерін және олар үшін музей қызметкерлері тегін экскурсия жүргізетіндіктерін жеткізді.
Музей қызметкері Қ.Бекенқызы шара қонақтарына жазушы музейін аралатып, тарихи жәдігерлер мен құнды экспонаттарды жеткізе түсіндірді және биылғы жыл – жазушының мерейлі 105 жылдығы екенін де тілге тиек етіп өтті. Ұйымдастырушылар сұрақ-жауап форматына көшіп, шараға қатысушылар «Қайырымды», «мейірімді», «жомарт», «адамгершілік» т.б. сөздеріне орай мақал-мәтелдер айтып, жарысқа түсті және өз пайымдарын ортаға салды. Белсенділік танытқандарға жазушы музейі атынан сыйлыққа «қалам» табысталды, шара аясында баршасына «Наурыз көже» ұсынылды. Соңынан музейдің пікір кітабына қолтаңбаларын қалдырып, естелік суретке түсті.