«Отты күндер ер есінде, жеңіс күні ел есінде» тақырыбында аудандық тыл ардагерлерінің қатысуымен мәдени шара ұйымдастырылды
Ұлы Жеңіске 80 жыл. Әсет музейінде осы орайда «Отты күндер ер есінде, жеңіс күні ел есінде» тақырыбында аудандық тыл ардагерлерінің қатысуымен мәдени шара ұйымдастырылды.
Шарада ардагерлер құрметіне оқушылар тарапынан өлең оқылып, ән айтылды. Шара барысында ардагерлер соғыс жылдарында басынан өткерген қилы оқиғалары мен есінде қалған сырлы тарихи естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар «Музейдегі жауынгер» тақырыбында Әсет ақынның ұрпағы Қожекеге тиесілі жеке заттарынан көрме безендірілді. Көрмеге Қожекенің еңбек кітапшасы, құжаттары, майдан жылдарында көрсеткен ерлігі үшін алған марапаттары мен кеудесіне таққан төсбелгілері қойылды.
Шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қалиев, аудандық тыл еңбеккерлері Т.Жирентай, Т.Булканова, М.Сайболатов, Т.Скаков сынды ардагерлер қауымы мен мектеп оқушылары қатысып, шара соңында көрме бойынша ақын ұрпағының өмірі мен ерліктері жайлы экскурсия жүргізілді.
Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие екендігі және қастерлі Отан үшін жан беріп, жанын пида еткен шейіттерді жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің және кейінгі ұрпақтың ең басты парызы.