Л. Н. Толстойдың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ясная Поляна» музей қорығының «Исповедь» экспозициялық көрмесі
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында 16 қазан күні
Л. Н. Толстойдың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ясная поляна» музей қорығымен бірлесе отырып ұйымдастырылған «Исповедь» атты көрменің ашылуы өтті.
1870-жылдары Л.Н. Толстой терең жан күйзелісін бастан кешіреді. Бұрынғы көзқарастарын қайта қарау оған оңайға соқпады. 1875 жылдың күзіне қарай ол Н.Н. Страховқа жазған хатында өзіне маза бермеген ойларды жеткізудің қиындығына шағымданады. 1879 жылдың күзінде Киев-Печерск және Троице-Сергий лавраларына барғаннан кейін жазушы өз жаңа дүниетанымын қағаз бетіне түсіруге бел буады. Ол «Исповедь» атты автобиографиялық шығармасын жазады — бұл туынды оның өмірін екі кезеңге бөлген еңбек болды. Экспозиция бейнефильммен толықтырылған.
Көрме сондай-ақ Толстойдың қазақтың ұлы ойшылдары – Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлымен рухани үндестігін көрсетуге бағытталды. Абай мен Шәкәрім де Толстой секілді өмірдің мәнін, адам мен қоғамның үйлесімін, рух пен ар тазалығын іздеген. Олардың дүниетанымындағы ортақ идея – адамгершілік, имандылық және өз-өзіңді тану арқылы рухани кемелдікке жету.
Көрмеге Абай облысы, Семей қаласының зиялы қауым өкілдері мен мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, колледж студенттері қатысты.





