Жаңалықтар

Евгений Сидоркиннің 95 жылдығына орай «Абай әлемі» көрмесі

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде Евгений Сидоркиннің 95 жылдығына орай «Абай әлемі» көрмесі ашылды. Музейдің ғылыми қорында Қазақстан суретшілерінің Абай тақырыбына байланысты 760-тан астам туындылары жинақталған. Солардың ішінде Евгений Сидоркиннің 35 жұмысы сақталған.

Евгений Сидоркин 1930 жылы 7 мамырда Ресейдегі Киров облысы, Лебяжье ауылында туған. График-суретші, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның халық суретшісі. 1951 жылы Қазан қаласының көркемсурет училищесін аяқтап, 1957 жылы Ленинградтың Репин атындағы Көркемсурет институтын тәмәмдады.

Е.Сидоркин «Абай жолын» көркемдеуді 1960 жылы қолға алды. Суретші сол кезде беттік және қос беттік иллюстрациялардан тұратын он алты линогравюра жасады. Анық, ырғақты, иірімді штрих, қою қара және ақ түстердің жиі алмасып келуі, ой қанықтылығы суретшінің иллюстрациялары Қазақстанның кітап графикасы саласындағы ерекше құбылыс дәрежесіне көтерді.

Он жылдан кейін Е.М.Сидоркин «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясына екі томдық болып енген М.Әуезов романын көркемдеуді қайта қолға алды. Бұл жолы суретші литография тәсілін қолдана отырып, жиырма төрт беттік иллюстрация және екі мұқаба тысын безендірді.

​Музейдің ғылыми қорында суретшінің «А.Құнанбаев», «Абай әжесі Зеремен», «Ұлжан», «Абай-халық қорғаны», «Абай және Михаэлис», «Абай сотта», «Абай ақын шәкірттерімен», «Теңге алу», «Тоғжан», «Абай аң аулауда», «Абай және жатақтар», «Ауылдағы ән» т.б туындылары бар.

​М.Әуезовтің «Абай жолы» романына жасаған иллюстрациялары үшін Евгений Сидоркинге 1970 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Жаңалықпен бөлісіңіз