«Алдымда ақын Абай темірқазық» атты шығармалар жинағының тұсаукесері өтеді.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында 2025 жылдың 9 тамыз күні 14.30-да Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың Абайы: Руханият, Парасат, Таным» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында абайтану ғылымының асқан білгірі, көрнекті ғалым, дарынды ақын әрі талантты драматург Қайым Мұхамедхановтың «Алдымда ақын Абай темірқазық» атты шығармалар жинағының тұсаукесері өтеді.
Аталған жинақ «Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығының» бастамасымен жарық көріп отыр. Кітап ақындық қасиет пен ғалымдық дарыны ерекше үйлесім тапқан тарихи тұлғаның түпнұсқа қолжазбалары негізінде дайындалды. Қайым көптеген өлеңдерін араб (төте жазу) және латын графикасында жазған болатын. Жинаққа 1930-жылдардан 2000-жылдарға дейінгі аралықты жазылған туған жерге деген махаббат пен ата-бабаға деген құрмет, өмір қуанышы мен соғыс тақырыбы, халқымыз бастан кешкен әділетсіздіктер мен қайғылы оқиғаларға жайында туындылар қамтылған.
Қайым: «Абай мектебі бар! Өлсем, Алаш азаматтарынан жаным артық емес!» — деп азап шегіп, қуғын-сүргінге ұшырап, жастайынан әке өсиетін, әкесінің замандастары – Алаш ардақтыларының аманатын орындады.
Карлаг кезеңі – ақын өміріндегі өз алдына үлкен бір белес. Қ.Мұхамедханов Карлаг лагерінде Н.Карамзиннің «Бедная Лиза» повесін — «Сормандай Лиза» деп өлеңмен аударып, оны дербес поэтикалық туындыға айналдырды. Жинақта Абай мен Жамбылға, Б.Момышұлы мен М.Әуезовке және басқа да тұлғаларға арналған арнау өлеңдер енген. Әр жылдары Ғабдолла Тоқай, Тарас Шевченко, Дардман, Башмаков, Рамиев сынды ақындардан аударылған шығармалардан да Қайым ақынға тән қолтаңба аңғарылады.
Кітаптағы арнау өлеңдер бөлімі 1939 жылы жазылған Ж.Саинның өлеңімен ашылған. «Қайым – ер, Қайым – ақын, Қайым – дана», «Қайымдай қайсар ер тумас», «Жалғыз», «Сұңқардың сыңары», «Ұстазыма» және басқа да тақырыптарда Қайым тұлғасын айшықтап бүгінгі күнге дейін жазылып келеді.