Жаңалықтар

«Алаштың алдаспаны» байқауы

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе ұйымдастырылған ақын, жазушы, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына орай арнайы оқу орындары оқытушылары арасында «Алаштың алдаспаны» интеллектуалдық квизі өтті.
Әдеби-танымдық байқау 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері өткен ІІ жалпықазақ сьезінің маңызы мен мәнін насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Қазақ даласын дүр сілкіндірген бұл басқосудың нәтижесінде Алашорда үкіметі өмірге келді. Оның белсенді мүшелері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған ұлт зиялылары болатын.
Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған «Алаштың алдаспаны» квизінің қорытындысына сәйкес Геологиялық барлау колледжі ұстаздарынан құралған «Алаш рухы» командасы ІІІ орын, Шәкәрім жоғары колледжі оқытушыларының «Оян қазақ» командасы ІІ орын, Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжі оқытушыларынан құралған «Ұшқын» командасы І орын иеленді.
Семей жоғары көп салалы колледжі ұстаздарының командасы «Alash prime» және Рымбек Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық жоғары колледжі атынан бәсекеге түскен «Сұңқар» командалары қатысқаны үшін алғыс хаттармен марапатталды.
Бұған қоса интеллектуалдық квиз қатысушылары мен жүлдегерлері «Халық Life» компаниясы мен Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тағайындаған бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Жаңалықпен бөлісіңіз