Әріп тәңірбергенұлы — 170 жыл
(1856-1924)
Ақын, аудармашы, айтыскер ақын. Абайдың ақындық мектебінің шәкірті Мұхамедғарып Тәңірбергенұлы Әріптің туғанына 170 жыл толып отыр.
Әріп Тәңірбергенұлы жастайынан мұсылманша мектеп, медреселерде оқыған. Семейде миссионерлік мектепті, 1876-78 жылдары Семей уездік училищені үздік бітірген. Шығыс мәдениеті мен әдебиетінен хабары мол, араб, парсы, қытай, орыс тілдерін жетік білген.
1884-86 жылдары Аякөзде орыс консулдың тілмашы қызметін атқарады.
Әріп 15-16 жасынан бастап ақындығымен таныла бастайды. Өзінің ақындық жолында Абайды үнемі ұстаз тұтып отырды. Әріп ақын Абай поэзиясының ағартушылық және сыншылдық бағыттарына жиі назар аударған. Өз шығармаларында Абай үлгісіндегі сыншылдық өсиеті айқын көрінеді. «Абайдай болмасам да атақты ақын» деп, ақын салған дәстүрлі жолды өзіне бағдар тұтатынын айтады. Осы үлгіде туған Әріп еңбектерінің бірі – орыс ақыны А.Пушкиннен аударған «Евгений Онегин» романының үзінділері. Өзінен бұрын Абай аударғанын, Абай барған тақырыпқа қайталап қалам тартуы Әріптің батылдығын аңғыртады.
Кезінде Абай Әріп шығармаларына өз пікірін білдіріп отырған.
Әріп Тәңірбергенұлы лирикалық шығармалармен бірге шығыстық оқиғалар желісімен көлемді қиссалар жазды.
Ақынның суырып-салмалық өнерінің бірден-бір куәсі – оның айтыстары мен қағыстары.
Әріптің Көкбай,Әсет, Сәдір, Қуанышбай, Құсайын, Боранбай, Қаумет ақындармен айтысы, сөз қағыстары белгілі.
Әріп Тәңірбергенұлы 1924 жылы мусымның 14-күні қайтыс болды.




