Жаңалықтар

«АБАЙТАНУДЫҢ АСҚАН БІЛГІРІ» МӘДЕНИ ШАРА

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы мен Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті бірлесе қазақтың көрнекті ғалымы, әдебиет зерттеушісі, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Абайтанудың асқан білгірі» атты мәдени шара ұйымдастырды.
Бүгінде мемлекеттік мәртебедегі музей-қорыққа айналған қасиетті қара шаңырақта Қайым Мұхамедханов жәдігерлер мен ұлы ақын жайындағы естеліктер, қолжазбалардың жиналуына мол еңбек сіңірді. Осы әдеби музейді абайтану саласының ғылыми орталығына айналдыру ғалымның табандылығымен жүзеге асты. Іргесін қалап, ісін жалғастырған, жүйелеген Абай музейі республикамыздағы ең бай музейге айналу тарихында ғалымның есімі мен ісі елеулі.
Іс-шара Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының директоры Ұ.Сағадиевтің алғы сөзімен ашылды.
Және Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ж.Омархан, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Еспенбетов, Шәкәрім университетінің «Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты А.Смағұлова сөз сөйледі.
Мәдени шара аясында абайтанушы-ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған «Алдымда ақын Абай – темірқазық!» атты көрме де ашылды.
Жиынға Сенат депутаты Қ.Тастекеев, Абай облыстық «Аманат» партиясы филиалының төрағасы Қ.Әділбай, зиялы қауым өкілдері және ғалымның ұрпақтары қатысты.

Жаңалықпен бөлісіңіз