«АБАЙҒА АДАЛДЫҚ: ӘРХАМ КӘКІТАЙҰЛЫ» АТТЫ ӘДЕБИ КЕШ
Биылғы жыл Абай музейінің ашылғанына 85 жыл. Осыған орай музейде қызмет еткен тұлғалар еңбегін ұлықтау мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында 17 қазан күні абайтанушы, жазушы Әрхам Кәкітайұлының 140 жылдығына арналған «Абайға адалдық: Әрхам Кәкітайұлы» атты әдеби кеш өтті.
Әрхам Кәкітайұлының өмір жолы Абай музейімен тығыз байланысты. Абай музейінің ірге тасын қаласып, шаңырағын көтеру ісінде Әрхам Кәкітайұлы үлкен еңбек сіңірді. 1940 жылы Абай музейі ашылған күннен бастап 1948 жылға дейін ғылыми қызметкер лауазымында қызмет атқарған.
Әдеби кеш Абай музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Қайрамбаеваның алғы сөзімен ашылып, шежіреші, қаламгер, ұстаз М.Жанболатұлы, әдебиетші, журналист Ә.Мырзақасым, Б.Тастекеев, Д.Тоққарин, немересі Б.Шағатаева, жиені Р.Байзақов өз естеліктерімен бөлісіп, музей ұжымына алғыстарын білдіріп, «Шәкәрім» портретін сыйға тартты.
Кеш барысында Әрхам Кәкітайұлы шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтіп, ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Қ.Қабышев «Құнанбай», «Сегіз аяқ», Ә.Қашаубаев атындағы филормонияның дәстүрлі әншісі Б.Түктібаев «Көзімнің қарасы», Ә.Кәкітайұлының немересі Б.Шағатаева «Татьяна сөзі» әндерін орындады.
Әдеби кешке қаламыздың зиялы қауым өкілдері, жазушының туыстары мен мәдениет ошақтарының қызметкерлері, студенттер қатысты.





