Жаңалықтар

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында 4 маусым – мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық құндылық» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Бұл күн еліміздің мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба, Әнұраны дүниеге келген күн ретінде тарих бетінде мәңгі есте қалады.

Мемлекеттік үш нышанды таңдау үшін 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнайы шығармашылық комиссия тағайындады. Осыдан кейін бүкіл Қазақстан көлемінде Елтаңба, Ту, Әнұран нұсқаларына конкурс жарияланды. Бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысты.

6 маусым күні Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының әсем ғимаратында тәуелсіз еліміздің тұңғыш мемлекеттік рәміздерінің тұсаукесер салтанаты өтіп, жер-жаhанға жария етілді. Президент сарайы мен Парламент үйінің төбесінде Мемлекеттік Ту көтерілді. Елтаңба орнықты, егемен ел аспанында әнұран әуені асқақтады.

Міне, сол жұлдызды күндерден бері 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні ретінде тарихымыздың алтын беттерінен орын алды.

Көрмеге Е.Ш.Шаймерденовтың «Қазақ елінің рәміздері», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны», фотосуреттері т. б. еңбектер қойылды.

Жаңалықпен бөлісіңіз