Жаңалықтар

Абай мұрасы – халық даналығы» атты көрмесі

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы, ақын, философ Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Абай мұрасы – халық даналығы» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл іс-шара Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының ұйымдастыруымен жүзеге асты. Көрмеге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен арнайы меймандар қатысты, олардың арасында Абайдың алыс тумасы, Ләйлә Баймағамбетова Мухлисқызы да бар.

Көрме Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлерді ұсынды. Олардың қатарында ақынның өзі қолданған жеке дүниелері «Тұмар» домбырасы, асатаяқ, сыбызғы, торсық, ағаш құты, тоғызқұмалақ сияқты заттары мен Абай Құнанбайұлының қолымен жазылған қолжазбалар мен ақынға арнап жазылған туындылар бар. Сонымен қатар, көрмеде ақынның 1909 жылы «Санкт-Петербургте» жарық көрген алғашқы шығармалар жинағы, 1922 жылы «Қазан» қаласында және 1933 жылы «Қызылордада» шыққан шығармалар жинақтары да ұсынылды.

Абайға қатысты музей қорында сақталған құнды мұралармен қатар, еліміздің белгілі суретшілері мен жазушыларының туындылары да көрермен назарына ұсынылды. А. Ғалымбаеваның «Абай өлең жазу үстінде», Қ. Шүкірбектің «А. Құнанбайұлы», «Ш. Құдайбердіұлы», М. Әуезовтың «Абай жолы» шығармаларына арналған суреттері, сондай-ақ Б.Смақованың «Зере әже» мен «Абайдың балалық шағы» бейнелеу өнері туындылары да көркемдік мәнін қосып тұр.

Көрмеден Абайдың кісен белбеуі мен шапанының көшірмесі, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы фотосуреттер мен естеліктерін де көруге болады. Бұл көрме Астана тұрғындары мен қала қонақтары үшін бір ай бойы ашық болады, және ол қазақ әдебиетінің үлкен мұрасы мен Абай шығармашылығының тереңіне үңілуге мүмкіндік береді.

Жаңалықпен бөлісіңіз