Минск қаласындағы Янка Купала атындағы Мемлекеттік әдеби музейінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының арнайы көрмесі ашылды.
2025 жылғы 26 тамызда Беларусь мемлекетінің Минск қаласындағы Янка Купала атындағы Мемлекеттік әдеби музейінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және
әдеби-мемориалдық музей-қорығының арнайы көрмесі ашылды.
Көрме Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Экспозицияда Абайдың түпнұсқа шығармалары, тұрмыстық заттары мен ақынның рухани және шығармашылық мұрасына байланысты жәдігерлер қойылған.
Көрменің ашылуына Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Жақсылықов, Беларусь Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Дмитрий Шляхтин және бірқатар бауырлас елдердің Елшілері және қызметкерлері қатысты. Шара барысында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының аударған жазушы Михаил Поздняков Абай музейіне арнайы беларусь тіліндегі нұсқасын табыстады.
Абай музейінің директоры Ұлан Сағадиев өз сөзінде көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Қазақстанның Беларусь Республикасындағы Елшілігіне, Минск қаласындағы
Янка Купала атындағы Мемлекеттік әдеби музейіне алғыс білдіріп, баспа өнімдерін сыйға тартты.
Қазақстан мен Беларусь арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңызды оқиғасына айналып, ұлы ойшылдардың рухани мұрасын насихаттау мен халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған көрме бір ай бойы жалғасатын болады.