Жәдігер

АБАЙ ЗИРАТЫ БАСЫНА М.ӘУЕЗОВ ҚОЙҒАН ҚҰЛПЫТАС

Мұхтар Әуезов 1940 жылы ұлы ойшылдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында өзі Жидебайға арнайы келіп, Абайдың төрт құлақты ескі бейітін жөндетіп, латын, кириллица әріптерімен жазып, сол замандағы жаңаша үлгімен басына құлпытас қойғызады. Алматы қаласында қашалған бұл құлпытасқа М.Әуезов латын қарпімен «Ибраһим Құнанбаев АБАЙ Қазақтың ұлы ақыны, данышпан ойшылы 10 август, 1845 ж., 23 июнь 1904 ж,.» деп жазғызады. Астына осы мәтін орыс тілінде кириллица әріптерімен жазылған.
1957 жылы Мұхтар Әуезовтің 60 жасқа толған мерейтойы туған жерінде кеңінен аталып өтілді. Жазушы елге келген осы сапарында Жидебайдағы Абай зиратына барып, ақын рухына тағзым етеді. Зират басында М.Әуезовтің ақын-жазушылармен бірге түскен тарихи фотосуретінен құлпытасты анық көруге болады. Бұл жазушының елге келген соңғы сапары. Суреттен Мұхтар Әуезов, Ғали Орманов, Мұхтар Жанғалин, Қалибек Қуанышбаев, Есмағамбет Смаилов, Мәстура Сармурзинаны көруге болады.
М.Әуезовтің қолының табы тиген құлпытас қазіргі уақытта құнды жәдігер ретінде «Абай-Шәкәрім» кесенесіне қойылған.